"Қайрат" Чемпиондар лигасының финалына бір қадам жақындады
"Қайрат" U-19 УЕФА Жастар чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Венгрияның "МТК Будапешт" клубын жарыс жолынан шығарды.
Тартысты өткен ойын 2:2 есебімен аяқталды. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталып, қазақстандық жас футболшылар 5:4 есебімен басым түсті. Осылайша "Қайрат" екі матчтан тұратын серия қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алды.
Венгриялық командаға қарсы кездесуде "Қайраттың" екі ойыншысы мергендігімен көзге түсті. Алматылық клубтың голдарын Данияр Ташбулатов пен Қайсар Малаев соқты. Олардың нәтижелі соққылары команданың келесі кезеңге өтуіне мүмкіндік берді.
Енді алматылық жас футболшылар УЕФА Жастар чемпиондар лигасының іріктеу финалында бақ сынайды. Келесі қарсыласы Сербияның "Партизан" және Чехияның "Градец-Кралове" командалары арасындағы кездесудің жеңімпазы болады.
Бұл жетістік алматылық клубтың жас ойыншылары үшін еурокубоктағы маңызды қадам болды.