Ломтадзе қаржыландырады: "Жеңіс" Астанада футбол академиясын салады
Астаналық "Жеңіс" ФК жеке футбол академиясын салуға және пайдалануға беру жөніндегі инвестициялық келісімшартқа қол қойды. Жобаны кәсіпкер Михаил Ломтадзе қаржыландырады.
Академияға 9,6 гектар жер қарастырылған
Клубтың бас директоры Давид Лорияның айтуынша, инвестициялық келісімшарт 30 қазанда жасалған. Жобаның жұмыс бағдарламасында академияға 9,6 гектар жер телімін бөлу және миллиардтаған теңге инвестиция тарту көзделген.
Жоба мемлекет, елорда әкімдігі және жеке инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылады. Астана әкімдігі бастаманы қолдаса, құрылысқа қажетті қаржыны Михаил Ломтадзе бөледі.
"30 қазанда академияны салу және пайдалану жобасы бойынша инвестициялық келісімшарт жасалды. Жұмыс бағдарламасында 9,6 гектар жер телімі мен миллиардтаған теңге инвестиция қарастырылған. Осы жоспарларды жас футболшыларды даярлайтын заманауи инфрақұрылымға айналдыру үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек", – деп жазды Лория.
Лория: "Бұл – клуб пен қаланың болашағына қосар үлесім"
"Жеңістің" бас директоры үшін академия құрылысының жеке маңызы да бар. Ол Астанада дүниеге келіп, футболшы ретіндегі жолын осы клубта бастағанын атап өтті.
"Мен Астанада дүниеге келдім, "Жеңісте" футбол жолынан өттім. Сондықтан клуб пен сапалы дайындықтың жас футболшы өмірінде қандай рөл атқаратынын жақсы түсінемін. Қазір клубтың бас директоры ретінде жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асуына, академияның балалар білім алып, жаттығып, футболда өсетін орынға айналуына жауаптымын. Мен үшін бұл жай ғана қызметтік міндет емес. Бұл – бүкіл өмірім байланысты клуб пен қаланың болашағына қосар үлесім", — деді Лория.
Бұған дейін БАҚ-та академия құрылысына салынатын инвестиция 12–16 миллиард теңге көлемінде бағаланған. Бірақ Лорияның келтірілген мәлімдемесінде нақты сома көрсетілмеген.