Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Қайрат" ойыншысына екі клуб құда түсті

Алматылық "Қайрат" 24 жастағы жартылай қорғаушы Әділет Сәдібековпен қоштасуы мүмкін.

"Қайрат" ойыншысына екі клуб құда түсті
vesti.kz

"Қайрат" Сәдібековтің трансферлік құнын белгіледі

Алматының "Қайрат" ФК алдағы трансферлік кезеңде құрамына өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Команда басшылығы жартылай қорғаушы Әділет Сәдібековті басқа клубқа жіберуге дайын.

AmanVIBE Telegram-арнасының мәліметінше, алматылықтар футболшының трансфері үшін 50 миллион теңге сұрамақ. Соңғы уақытта Сәдібековтің командадағы рөлі айтарлықтай төмендеген. Ол негізгі құрамдағы орнынан айырылып қана қоймай, қосалқы құрамнан да сирек көріне бастаған.

24 жастағы ойыншы Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымында небәрі 14 кездесуге қатысқан.

"Ақтөбе" мен "Елімай" қызығушылық танытты

Әділет Сәдібековке Қазақстанның бірнеше клубы қызығушылық білдіріп отыр. Солардың қатарында футболшы бұрын өнер көрсеткен "Ақтөбе" де бар. Бұдан бөлек, семейлік "Елімай" да жартылай қорғаушыны өз сапына қосуды қарастырып жатыр.

Дереккөздің хабарлауынша, "Қайрат" алдағы трансферлік кезеңде ойыншыны сатуға ниетті. Бірақ әзірге клубтар арасында ресми келісім жасалғаны туралы ақпарат жоқ.

Бір қызығы, бұған дейін "Ақтөбе" Әділет Сәдібеков үшін әлдеқайда қомақты қаржы ұсынған. Алдыңғы трансферлік кезеңде ақтөбелік клуб футболшыны сатып алу үшін 120 миллион теңге төлеуге дайын болған. Бірақ сол кезде "Қайрат" басшылығы ұсынысты қабылдамаған.

Енді алматылық клубтың ойыншыға белгілеген ықтимал бағасы бұрынғы ұсыныстан 70 миллион теңгеге төмен. 

Айта кетейік, "Қайрат" 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасын екінші орынмен аяқтады. Ал чемпиондық атақты "Ордабасы" жеңіп алды.

Бұл туралы не ойлайсыз?