Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Ақтөбе" капитанымен қоштасты

Қазақстан құрамасының қорғаушысы Бағдат Қайыров "Ақтөбе" футбол клубынан кетті.

"Ақтөбе" капитанымен қоштасты
instagram.com/fcaktobe_official/

Бағдат Қайыровтың кеткені ресми жариялады

Ақтөбелік клуб тәжірибелі қорғаушы әрі команда капитаны Бағдат Қайыровпен қоштасатынын мәлімдеді. Футболшының клубпен жасасқан келісімшарт мерзімі аяқталған. 

"Ақтөбе" ФК баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Қайыровтың командадағы еңбек жолына тоқталып, оның клуб тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.

"Клубымыздың түлегі әрі команда капитаны Бағдат Қайыровпен келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты қоштасамыз. Бағдат футболдағы алғашқы қадамдарын "Ақтөбе" футбол мектебінде жасап, кейін кәсіби мансабын Бірінші лигада өнер көрсеткен "Каспий" клубында жалғастырды. 2015–2016 жылдары "Ақтөбе" сапында ойнап, негізгі құрамның маңызды мүшесіне айналды", – делінген клуб хабарламасында.

Қандай клубтарда ойнады?

Қазақстандық қорғаушы кәсіби мансабында бірнеше отандық команданың намысын қорғаған. Қайыров "Ақтөбедегі" алғашқы кезеңінен кейін "Қайсар", "Ордабасы" және "Тобыл" клубтарында өнер көрсетті.

2024 жылы футболшы туған қаласының командасына қайта оралып, кейін капитандық міндетті атқарды. Бірақ 2026 жылғы маусымда қорғаушы небәрі сегіз кездесуге қатысты.

Осылайша Бағдат Қайыров "Ақтөбе" сапындағы кезекті кезеңін аяқтады. Қазір қорғаушының кәсіби мансабын қай клубта жалғастыратыны белгісіз.

Бұл туралы не ойлайсыз?