Англия, Франция немесе Испания: Қазақстан құрамасын Еуро-2028-де қандай қарсыластар күтіп тұр?
Футболдан Қазақстан құрамасының 2028 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімінде қай себеттен орын алатыны белгілі болды.
Қазақстан төртінші себетке түсті
УЕФА Еуро-2028 іріктеу турнирінің жеребесіне қатысатын 54 ұлттық құраманы бес себетке бөлді. Командалардың орналасуы 2026/2027 жылғы Ұлттар лигасының топтық кезеңі аяқталғаннан кейінгі жалпы рейтинг негізінде анықталды.
Қазақстан құрамасы бұл тізімде 45-орынға тұрақтап, төртінші себеттен орын алды.
Осылайша жеребе қорытындысы бойынша қазақстандық футболшылар алғашқы үш себеттің әрқайсысынан бір қарсыласпен кездеседі. Егер ұлттық құрама бес командадан тұратын топқа түссе, бесінші себеттен тағы бір қарсылас қосылады.
Еуро-2028 іріктеуінің жеребесіне арналған себеттер
- Бірінші себет: Англия, Португалия, Франция, Германия, Испания, Бельгия, Нидерланд, Норвегия, Грекия, Италия, Дания, Хорватия.
- Екінші себет: Уэльс, Сербия, Түркия, Чехия, Швейцария, Швеция, Аустрия, Солтүстік Ирландия, Словения, Босния және Герцеговина, Мажарстан, Ирландия.
- Үшінші себет: Украина, Шотландия, Косово, Польша, Израиль, Румыния, Грузия, Солтүстік Македония, Черногория, Албания, Исландия, Словакия.
- Төртінші себет: Эстония, Беларусь, Фарер аралдары, Кипр, Финляндия, Молдова, Армения, Болгария, Қазақстан, Люксембург, Латвия, Сан-Марино.
- Бесінші себет: Мальта, Әзербайжан, Литва, Андорра, Гибралтар, Лихтенштейн.
Жеребе нәтижесінде Қазақстан құрамасы Еуропаның жетекші футбол державаларының бірімен бір топқа түсуі ықтимал.
Атап айтқанда, бірінші себеттегі Англия, Франция, Испания, Германия немесе Португалия құрамалары Қазақстанның қарсыласына айналуы мүмкін.
Ал екінші себеттен Түркия, Сербия, Швейцария және басқа да командалардың бірі түседі. Үшінші себетте Украина, Польша, Грузия және Словакия секілді құрамалар бар. Дегенмен Қазақстанның нақты қарсыластары жеребе тарту рәсімінен кейін ғана белгілі болады.
Жеребе қашан өтеді?
2028 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімі 6 желтоқсанда Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында ұйымдастырылады.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 12 топтың жеңімпазы және екінші орын алған құрамалардың ішіндегі үздік сегіз команда Еуро-2028 финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады.