Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде төмен сырғыды
Бұған Того мен Эстония құрамаларының соңғы матчтары әсер етті.
Футболдан Қазақстан құрамасы ФИФА-ның live-рейтингінде екі саты төмендеп, 119-орынға түсті. Бұған Того мен Эстония құрамаларының соңғы матчтардағы жеңістері себеп болды.
Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы өз алаңында Словакиямен 2:2 есебімен тең ойнаған еді. Осы нәтиже үшін ұлттық команда 4,07 ұпай қосып, жалпы көрсеткішін 1160,72 балға жеткізді.
Того алты сатыға көтерілді
Кейін Того құрамасы Алжирді күтпеген жерден 3:0 есебімен жеңді. Бұл нәтиже командаға 20,97 ұпай әкеліп, рейтингте бірден алты саты жоғарылауға мүмкіндік берді. Того 1169,87 ұпаймен 114-орынға көтерілді.
Эстония құрамасы Болгарияны 2:1 есебімен жеңіп, рейтингіне 8,93 ұпай қосты. Нәтижесінде команда төрт саты жоғарылап, 1164,58 ұпаймен 118-орынға орналасты.
Ең жақын қарсылас саналатын Эстониядан қазақстандық команданы қазір 3,86 ұпай бөліп тұр.