Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Ла Лига кибершабуылға ұшырап, жанкүйерлердің жеке деректері ұрланды

Испанияның Ла Лига футбол лигасы жанкүйерлерге арналған цифрлық платформалардың біріне кибершабуыл жасалғанын хабарлады.

Ла Лига кибершабуылға ұшырап, жанкүйерлердің жеке деректері ұрланды
Getty Images

Салдарынан пайдаланушылар мен бірқатар клубтардың жеке деректері заңсыз жолмен қолды болған. Ұйымның мәліметінше, кибершабуыл 14-16 қараша аралығында болған. Белгісіз хакер платформаның қауіпсіздік жүйесін бұзып, Ла Лига мен оған қарасты кейбір клубтардың цифрлық қызметтерін пайдаланушылардың жеке ақпаратына қол жеткізген.

16 қарашада шабуылды оқшаулау және хакерді тоқтату бойынша қажетті шаралар қабылданған.

Кибершабуылдың салдары қандай?

Ла Лига өкілдерінің хабарлауынша, оқиға тек жанкүйерлерге қызмет көрсететін бір цифрлық платформаға қатысты болған. Лиганың басқа ақпараттық жүйелеріне шабуыл жасалмаған. Сондай-ақ бұл жағдай футбол жарыстарының өтуіне әсер етпеген.

"14-16 қараша аралығында киберқылмыскер аталған платформаға заңсыз қол жеткізіп, Ла Лига мен бірқатар клубтардың цифрлық сервистерін пайдаланушылардың жеке деректерін иемденген. Содан бері оқиғаның ауқымын анықтау мақсатында платформадағы белсенділікке талдау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жаңа шабуыл әрекеттерін анықтау және Ла Лиганың цифрлық сервистерінің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін жүйелерді бақылау күшейтілді. Ла Лига жанкүйерлердің жеке деректерін қорғауға деген міндеттемесін тағы да растайды", – деп ресми мәлімдеме жасады.

Ла Лига кибершабуыл туралы Испанияның деректерді қорғау агенттігіне (AEPD) хабарлаған. Бұдан бөлек, ұлттық полицияның киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық бөлімшесіне ресми арыз берілген. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Ұйым ресми мәлімдемеде жанкүйерлердің жеке деректерін қорғау және цифрлық сервистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Бұл туралы не ойлайсыз?