Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың "француз тілі" туралы айтқан сөздеріне қатысты пікір білдірді
17 қазанда министр өзінің Facebook парақшасында жазба жариялады.
"Құрметті достар! Әрине, Станислав Черчесовтың "француз тілі" туралы әзілі сәтсіз болды. Мұны Қазақстан Футбол федерациясында да, бапкердің өзі де жақсы түсінеді. Алайда Черчесовтың міндеті – біздің құраманы жаңа деңгейге шығару. Сондықтан оны ең алдымен жұмысына қарап бағалайық. Біз әрқашан қонақжай, мейірімді және төзімді халық болғанбыз. Дәл осы қасиеттер бізді күштірек етеді", – деп атап өтті ол.
Ербол Мырзабосынов жағдайды ушықтырмауға және қазақстандықтарға тән кеңпейілдік пен сабырлық танытуға шақырды.
"Біз ақылды, толерантты және өркениетті қоғам екенімізді көрсетейік, кез келген мәселені түсіністікпен және сабырлықпен шеше алатын. Станислав Черчесов – халықаралық тәжірибесі бар, 20 жылдық футбол мансабы бар белгілі маман. Мен оның қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, құраманы осы қиын жағдайдан жаңа деңгейге шығаратынына үміттенемін. Біз – бір футбол отбасыбыз, бір-бірімізді қолдайық!" – деп қорытындылады министр.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың қазақ тілін кемсітіп сөйледі деген бейнежазба кеңінен тараған болатын. 15 қазанда Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселеге байланысты Қазақстан Футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 3 маусымында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне 60 жастағы ресейлік маман Станислав Черчесов тағайындалған еді. Кейін ол өз тағайындалуына түсініктеме беріп, жақын жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, Черчесов Қазақстанды өзіне менталитеті жақын ел деп атаған болатын.