Осы маусымда «Ордабасы» футбол клубы қандай қаржыларға ие болғаны белгілі болды. Бұл туралы «Дядя Ваня» Telegram-арнасы хабарлады.
«Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы кезекті футбол тендерін жариялады. Сомасы – 892,9 млн теңге (шамамен $1,83 млн). Тақырыбы: «Футбол командаларын жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау бойынша қызметтер». Орындау мерзімі – 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін.
Техникалық сипаттамада тендердің негізгі мақсаты көрсетілген: «2024 жылғы маусымда Шымкент қаласы командаларының Қазақстан Республикасы Премьер-лигасы командалары арасында футбол чемпионатында, Қазақстан Республикасы Екінші лигасының командалары арасында футбол чемпионатында, УЕФА Кубоктарында, балалар-жасөспірімдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында және халықаралық турнирлерде, сондай-ақ футзалдан 2024-2025 жылғы Қазақстан чемпионатында табысты өнер көрсетуі үшін жағдай жасау». Қазақстан футболының элитасында Шымкенттен бір ғана команда өнер көрсетеді – ФК «Ордабасы». Бірақ ең қызығы, ел чемпионатында оларға бар болғаны екі матч қалды! Одан кейін маусымаралық кезең басталады. Сәйкесінше, ресми халықаралық кездесулердің өткізілуі де көзделмеген.
Есесіне, техникалық сипаттамаға қосымшаларда қызық толықтырулар бар. Мысалы, алынған қаржыны келесі мақсаттарға жұмсауға болады: «әкімшілік және жаттықтырушы персоналды, кәсіби футболшыларды ұстау (жалақы төлеу, жәрдемақы, спорттық, жаттықтырушылық және әкімшілік персоналдың іс-сапар шығындары, төрешілер құрамы шығындары және салық міндеттемелерін төлеу, ҚФФ, УЕФА, ФИФА және басқа да уәкілетті органдардың заңды органдары салған тәртіптік санкциялар (айыппұлдар) төлемі бойынша шығындар) Қазақстан футбол чемпионаттарында, Қазақстан Премьер-лигасындағы командалар арасында табысты өнер көрсетуі үшін кәсіби футболшыларға, жаттықтырушылар құрамына, әкімшілік-басқару персоналына ынталандыру төлемдері».
Adata.kz ақпаратына сәйкес, биыл «Ордабасы» кәсіпқой футбол клубы Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасымен 5 келісімшарт жасасып, 5,3 млрд теңге ($10,87 млн) қаржы иеленген. Бұл – қала спортына жұмсалған барлық бюджет қаражатының 87,1%-ын құрайды.
2024 жылы «Ордабасы» кәсіпқой футбол клубы АҚ» ұтып алған тендерлер тізімі:
1 млрд – футбол командаларын жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау бойынша қызметтер.
1,2 млрд – Шымкенттің негізгі футбол командасын ұйымдастыру және дайындау және олардың 2024 жылы УЕФА Еуропа Лигасы мен УЕФА Конференция Лигасына қатысуын қамтамасыз ету бойынша қызметтер.
1,2 млрд – футбол командаларын жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау бойынша қызметтер.
1,2 млрд – футбол командаларын жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау бойынша қызметтер.
700 млн – Шымкент қаласының футзал командаларын жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау бойынша қызметтер», – деп хабарлады инсайдер.