Бюджеттен бөлінетін ақша 1,2 млрд теңгеден аспауы керек деген талап бар.
Қазақстанда футбол клубтарын қаржыландыруға қатысты лимит сақтамайды. Әр командаға облыстық бюджеттен бөлінетін ақша 1,2 млрд теңгеден аспауы керек деген талап бар. Алайда, әкімдіктер оны ескермейді. Мәселен, шымкенттік «Ордабасыға» биыл 5,3 млрд теңге қарастырылған. Ал, қызылордалық «Қайсар» мен петропавлдық «Қызылжар» 2 млдр теңгеден алды. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрлігі жанынын құрылған жұмыс тобының отырысында айтылды.
Дәл осылай бас бапкердің айлығы 1 млн тенгеден, ал, футболшылардың айлығы 2 млн теңгеден аспауы қажет деген талап та орындалмай отыр. «Ордабасы», «Қайсар» мен «Қызылжардың» бас бапкерлері 3 миллион теңгеден 10 милион теңгеге дейін жалақы алып келген. Тіпті, 14 миллион алатын жаттықтырушылар да анықталған. Дәл солай футболшыларға, соның ішінде легионерлерге асыра төлем жасалған.
"Министрдің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, барлық аймақты аралап шыққан болатын. Монитрингтік топ футболға шығынның асыра бөлінетінін анықтады. Салдарынан басқа спорт түрлері зардап шегеді. Яғни, әр аймақ басымдық беретін бағыттарды айқындап, қаржыны тиімді қолдануы маңызды. Алдағы күндері жұмыс тобының толық қорытындысы жасалып, арнайы отырыс ұйымдастырылады. Сол жерде өзіміздің ескертпелеріміз бен ұсыныстарымызды айтамыз", - деді Арнайы жұмыс тобы төрағасының орынбасары Руслан Есеналин.