
"Фенербахче" мен "Галатасарай" арасындағы тартысты матч тең нәтижемен аяқталды. Бірақ ойыннан кейінгі жағдай одан әрі ушықты.
Кездесу аяқталғаннан кейін португалиялық маман қарсылас команданың қосалқы құрамындағы және бапкерлер штабының мінез-құлқына наразылығын ашық жеткізді. Бірақ оның сөздері “Галатасарай” тарапынан қорлау және нәсілшілдік ретінде қабылданды.
“Мен төрешіге алғыс айтуым керек. Мен айтып отырған сәтте “Галатасарай” қосалқы құрамының бәрі орындарынан тұрып айқайлап, бейәдеп әрекеттер көрсетті. Егер бұл матчты түрік төрешісі басқарған болса, Юсуф Акчичек алғашқы минутта-ақ ескерту алар еді. Ал бесінші минутта оны ауыстыруға тура келетін еді”, – деп мәлімдеді Моуриньо ойыннан кейінгі сұхбатында.
Бұл мәлімдеме “Галатасарай” басшылығының қатаң реакциясын тудырды. Клуб ресми мәлімдеме жасап, Моуриньоның сөздері нәсілдік астарға ие екенін айтып, заңды шара қолдануға шешім қабылдады.
“Жозе Моуриньо Түркияға келген күннен бастап біздің халыққа және мәдениетімізге қарсы қорлайтын пікірлер білдіруін тоқтатқан жоқ. Бірақ бүгін ол барлық шектен шығып, адамгершілікке жат сөздер айтты. Біз оның бұл әрекеттеріне қарсы қылмыстық іс қозғауға ниеттіміз. Сонымен қатар УЕФА мен ФИФА-ға ресми шағым жасап, халықаралық футбол ұйымдары бұл мәселені қарастырып, әділ шешім қабылдауы үшін әрекет етеміз. Бұл жағдайдың қалай өрбитінін мұқият бақылаймыз және әділдік талап етеміз”, – делінген клубтың мәлімдемесінде.