
Қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде Әділет Бәрменқұлов пен Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бұрынғы бірнеше лауазымды тұлғасына қатысты тінту шаралары жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат тарады.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Агенттік ҚФФ-ның бұрынғы басшылығына қатысты тергеу басталғанын растады.
"БАҚ өкілдерінен келіп түскен сұраныстарға жауап ретінде Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлайды. Барлық тергеу іс-шаралары заңнама талаптарына толықтай сәйкес жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысы туралы өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген 2025 жылдың 4 наурызында ҚМА-ның Telegram арнасында жарияланған ресми мәлімдемеде.
Футбол федерациясының бұрынғы басшысы Әділет Бәрменқұлов 2024 жылдың 8 қарашасында өз еркімен қызметінен кеткен. Ол бұл лауазымды 2022 жылдың ақпан айынан бері атқарып келген.
Оның орнына 2024 жылдың 20 желтоқсанында ҚФФ президенті болып Марат Омаров тағайындалды.
Ал 2025 жылдың 21 қаңтарында белгілі қазақстандық футболшы Давид Лория ҚФФ вице-президенті қызметіне кірісті.