
Ойыншының айтуынша, жалға алу құны мәскеулік бағаға пара-пар екен.
«Рубин» мен «Краснодардың» бұрынғы қорғаушысы, қазір «Қайрат» сапында өнер көрсетіп жүрген Егор Сорокин Алматыдағы өмір сүру деңгейі мен тұрғын үйді жалға алу бағасы жайлы айтып берді. Бұл туралы Offside.kz хабарлады.
Сорокин 2024 жылдың 22 шілдесінен бастап «Қайрат» клубында ойнап келеді. Бұған дейін ресейлік футболшы төрт ай бойы қазақстандық «Елімай» клубында доп тепкен еді.
— Қазақстанда сізге бәрі жеткілікті ме — барлар, мейрамханалар, театрлар, дүкендер?
— Иә, бәрі. Алматы — Қазақстандағы ең жақсы қалалардың бірі. Ауа райы тамаша, өмір сүру деңгейі жоғары, дүкендерде бәрі бар, бәрі қолжетімді. Ешқандай проблема жоқ.
— Қаладан пәтерді жалға алу қанша тұрады?
— Қазір қарап шықтым: жақсы тұрғын үй кешеніндегі пәтер — шамамен миллион теңге. Бұл шамамен 200 мың рубль. Мәскеулік бағаға пара-пар деуге болады. (Күледі.) Қымбат екен! Бірақ бұл өте жақсы пәтер. Ауданға байланысты бағалар әртүрлі. Мен базаға жақын жерлерді қарастырамын. Өйткені ол қала сыртында орналасқан, кешке мәскеулік кептелістердей кептеліс болады. Кейде жолда бір жарым-екі сағат жүруге тура келеді.
— Онда кедейлер жоқ па?
— Онда орта тап пен өте ауқатты адамдардың арасы алшақ. Бұл әсіресе басқа қалаларда қатты байқалады. Меніңше, Ресейде де осындай жағдай бар.
— Өзіңіз үшін Қазақстандағы өмір Ресеймен салыстырғанда қымбат па?
— Жоқ, шамамен бірдей. Өнімдердің бағасы да ұқсас. Такси қызметінің құны да сондай, мен көбіне таксимен жүріп-тұрамын.
Айта кетейік, «Зениттің» түлегі Егор Сорокин Ресейде «Краснодар», «Рубин» және «Нефтехимик» клубтарында ойнаған. 2018 жылы бірнеше рет Ресей құрамасына шақырылған болатын. Сол жылдың қыркүйегінде Чехиямен өткен жолдастық кездесуде Ресей құрамасында дебют жасады.