
Педри туралы жазбам оның ойыны сияқты эстетикаға толы тәтті тұнба болсын. Әйтпесе өзіме сын.
Қазір футболда магия аз. Тіпті, жоқтың қасы. Топырлатып гол салу, қайшылап тебу, қиыннан қиыстырып пас шығару, дриблинг – шеберлік белгісі. Физикалық қуат дарыған атлеттер – бөлек әлем. Магия басқа. Мәселен, теннис ракеткасы Роджер Федерердің 13-ші мүшесі сияқты. Баскетбол добы Майкл Джорданның алақанында пайда болғандай. Педри де допты дуалап алғандай ойнайды…
Магия рекордқа құрылмайды. Магия – ақыл мен гармонияның табысуы, құшақтасуы. Әбжіл шешім, әнтек қимыл, дұрыс пайым. Футболдағы магия – допты дуалау. Уақыт пен кеңістікті тоқтатып қойып, ақылды аяққа қондыру.
Магия бар жерде бәрі оңай сияқты. Педридің ойыны да сондай. Қарапайым әрекет, бірақ ешкімнің қолынан келмейтін қиын қимыл.
Педри жылдам ойыншы емес – спринтерлік жарыста оны басып озатын миллион футболшы бар. Педри атлет емес – Құдай физиканы аямай берген мыңдаған футболшы бар. Педри голеадор емес, тіпті гол салуға құмбыл да емес. Педриді ерекшелейтін қасиет – тез әрі дұрыс шешім қабылдауы. Дұрыс шешім – бір сәттік жеңіс емес, стратегиялық жүрісті ойлау. Дем арада бос кеңістікті көру, шабуылды өрбітуге ыңғайлы позицияны байқау. Наносекундтар ішінде алаңды ойша шолып, әбжіл барлап шығу. Ең қиыны, сол шешімін жүзеге асыру. Құдай Педриді танымына сай техникамен, пайымына сай пластикамен сүйіншілей салған. Кез келген жағдайда жол тауып шығады.
Педри – команданың барометрі. Ойын ырғағын қозғайтын мэтр. Бітімі де танымына сай. Орта бойлы, шағын денелі. Қақыратып тебетін жуан санды – балтыры бесіктей емес. Эстетикалық жолмен пас үлестіретін бота тірсек.
Педри ойын басталған сәттен бастап өз әлеміне енетін футболшы. Әдетте адамның ырқына бағынбайтын уақыт пен кеңістік 90 минут бойы Педриге қызмет етеді. Футболға деген зейіні бір сәтке үзілмейді.
Педридің ойыны – поэтика. Буыны мен ұйқасы құшақтасқан қара өлең. Педри ойнаса, тұтас команда қозғалады. Таяқшасын дөп сермейтін, ырғақты дәл қозғайтын дирижер.
Оны Иньестаға ұқсатады. Расымен солай. Бірақ тура көшірмесі емес. Педри – Хави мен Иньестаның синтезі. Өз табиғи болмысы және бар. Оны бәрі Ла Масия түлегі деп ойлайды, әсілі «Лас-Пальмас» академиясынан шыққан. Әкесі Микаэль Лаудрупты үлгі етсе, өзі Андрес Иньестаның әр қимылын бағып өскен. Жалпы, әкесі де, өзі де қателеспеген. Себебі, Лаудруптың өзі Иньестаның кумирі болған.
Педри – ескі мен жаңаның тұнбасы. Ойынында олдскул/ньюскул мәнер бар. Гвардиоланың командасында да, Моуриньюның командасында да ойнай беретін дарабоз. Бапкерді жатырқамайды, стиль талғамайды. Қай заманның футболшысы болса да, команданың миы болатын тұлға. Көрінбейтін қаһарман. Доппен сиқыршы, допсыз колдун. Әр қадамы өлшеулі. Математикалық жүріс. Тосын әрекет.
Педри – магия!
Мақала авторы: Жандос Байділдә