
Алан Ширер 10 жыл ойнаса да "ұлтарақ бұйырмаған" "Ньюкасл" 70 жыл бойы Англияда ешбір жүлде алмаған клуб еді. Бұл жерде Интертото кубогы (2006 жыл) мен Жәрмеңкелер кубогын (1969 жыл) есепке алып отырған жоқпыз.
2021 жылы "Ньюкасл" клубын қалталы арабтар сатып алды. Бірақ қазіргі жағдай баяғы "Челси" клубын сатып алған Абрамович заманы емес. Қаржы фэйр-плейі бар. Арабтар асыққан жоқ. Дау-дамайдан алыс жүрді. Алдымен маусымды сүреңсіз бастаған Стив Брюсті отставкаға жіберіп, орнына бас бапкер етіп Эдди Хауды қойды.
Өзгеріс содан кейін басталды. Үздік трансферлер де 2022 жылдың қысында қылаң берді. Бруну Гимарайнш (50 млн еуро), Крис Вуд (30 млн еуро) және Кириан Триппьер (16 млн еуро) командаға қосылды. 2022 жазында шабуылшы Александр Исак (70 млн еуро) пен қақпашы Ник Поуп (12 млн еуро) "Ньюкасл" сапына ауысты. 2023 қысында шабуыл шебін Энтони Гордон (45 млн еуро) күшейтті. Сол жылы жазда Сандро Тонали (70 млн еуро), Харви Барнс (44 млн еуро), Валентино Ливраменто (37 млн еуро) Ньюкаслға көшті.
Жалға алған, ротация үшін сатып алынған басқа да футболшылар бар. Бірақ бұл тізімге Эдди Хау өз қолымен жасақтаған старттағы ойыншыларды қосып отырмыз.
2021 жылы Эдди Хау бір маусымда 80 гол жіберген "Ньюкасл" тізгінін ұстады. Күрделі реформа керек. Арабтарда ақша, ал Эдди Хауда идея бар. Осылайша бірлесіп жұмыс істеуге көшті.
Талап күшейді, ротация – ашық бәсеке пайда болды. Әр матчқа тыңғылықты дайындалатын болды. Қорғаушыларды сағаттап ұстап, қарсылас клубтың әр шабуылшысына қатысты тың ақпарат беріп отырды.
Жаттығу режимі өзгерді. Машық қарқыны мен жиілігі артты. "Ньюкасл" ойыншылары әрбір матчқа тек физикалық тұрғыда емес, ақпараттық тұрғыда да дайын болды. Бапкерлік штаб ұйықтаған жоқ.
Қажет деп таппаған ойыншыларға есікті көрсетті, стартқа ілікпей жүрген ойыншыларға үміт сыйлады. Бәс тігіп басы дауға қалған Сандро Тоналидің 10 айға созылған дисквалификациясына төзіммен қарады.
Эдди Хау тек команда мүддесі үшін жұмыс істеді. Сәтсіз матчтан кейін ешкімді сынаған жоқ, тәтті матчтан кейін мақтауын аямады. Әрбір жеңілістен кейін соққыны өзі көтеріп, әрбір жеңістен соң ода мен мақтауды командаға қарай бұрып отырды.
Командадағы атмосфераны түзеді. Профи орта қалыптастырды. Футболшылар жаттығуға асығатындай жағдай жасақтады. Жаңа технологиялар енгізді. Жаттығу тәсілі ТОП клубтардағыдай түрленді. Команда жасақтаудан бөлек, әрбір ойыншыны жеке дамытты.
Позициялық шабуылды түрлендірді. Сосын оған стандарт деген қаруды қосты. Жемісін алғашқы маусымда-ақ берді.
Эдди Хау 2023 жылы да командасын Англия лигасы кубогының финалына алып шықты. Жолы болмады. Бірақ сағы сынған жоқ. Биыл қайта финалға шықты. Финалға тыңғылықты дайындықпен, нақты жоспармен келіп азулы "Ливерпуль" клубын жықты. Бұл менталитет қалыптасқанның белгісі.
Жалпы, Эдди Хау 17 жылдан бері трофей жеңген алғашқы ағылшын бапкері екен. Соңғы рет ағылшын менеджерлері арасында 2008 жылы Англия кубогын жеңген Гарри Реднапп болатын.
Бұл көп дүниені аңғартады. Өйткені Эдди Хау заманға сай жаңашыл бапкер. Ағылшындардың көбі корсерватор – методикасы ескірген. Клопп, Тухель, Флик, Нагельсман сияқты немістер, Гвардиола, Артета, Алонсо сияқты испандар – нағыз новатор. Жаңаша көзқарас, тосын жүріс, тың идеяға бай. Футбол ғылым мен технологияны ұштастырған индустрияға айналды. Эдди Хау осының бәрін "Ньюкасл" клубына сыналап енгізіп келеді.
"Ньюкасл" әлі ТОП клубқа айналған жоқ. Старттағы құрамы мықты болғанымен, ротацияға әлі аса бай емес. Бірақ "Ньюкасл" өзін енді таныды. Сауысқан – айнадан өзін танитын жалғыз құс. Эдди Хау бұл командаға АЙНА әкелді, сосын команда әбден пісіп-жетілгенде айнаның бетін ашты. "Сауысқандар" финал алдында айнаға бір қарап, өзінің кім екенін есіне түсіргендей…
Мақала авторы: Жандос Байділдә