Қазақстандық жас хоккейшілер 120 команданың арасынан оқ бойы озып шықты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Team балалар хоккей командасын Канадада өткен Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament халықаралық турниріндегі жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы бұл жетістікті қазақстандық спорт үшін айтулы оқиға деп бағалап, жас спортшылардың шеберлігі мен жеңіске деген жігерін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев канадалық қарсыластардан басым түскен өрендерге алғыс айтып, олардың табандылығы мен қажырлы еңбегін жоғары бағалады.
Сондай-ақ мемлекет басшысы жас хоккейшілердің табанды түрде жаттығып, күш-қайраттарын шыңдап, бұдан да биік асуларды бағындыруына тілектестік білдірді.
Топтық кезеңдегі барлық матчта жеңіске жеткен қазақстандық команда турнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Алдымен алаң иелері — Quebec Nordiques командасын 3:1 есебімен ұтты. Одан кейін жартылай финалда Quebec Remparts ұжымын 2:1 есебімен жеңді.
Ал финалда Noir d'Or des Montagnes командасымен өткен тартысты кездесуде буллиттер сериясында 4:3 есебімен басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды.
Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament — балалар хоккейі бойынша әлемдегі ең беделді турнирлердің бірі. Жыл сайын Канадада өтетін бұл жарысқа түрлі елдердің үздік жас командалары қатысады. Биыл байрақты бәсекеге әлемнің 16 елінен 120 команда қатысты.