АҚШ-тың NCAA студенттік лигасында ерлер арасындағы хоккей матчы даулы жағдай тіркелді.
АҚШ-тың NCAA студенттік лигасында ірі жанжал болды. Ерлер арасында Коннектикут университеті (UConn) мен Массачусетс университеті (UMass) арасындағы хоккей матчында күтпеген жерден стадионда жарық сөніп қалды. Сорақасы сол, оқыс оқиға овертайм кезіндегі шешуші сәтте болды.
Оқиға Массачусетс штатындағы "Малинз-центр" аренасында өтті. Матчтың негізгі уақыты 3:3 есебімен аяқталып, кездесу овертаймға ұласты. Қосымша уақыттың аяқталуына 1 минут 48 секунд қалғанда UConn ойыншылары қарымта шабуылға шығады. Бірақ хоккейші соққы жасап, гол соғуға ұмтылған сәтте кенеттен жарық сөніп, стадион қараңғылыққа оранады.
Осыған байланысты төрешілер бірден ойынды тоқтатуға мәжбүр болды.
Жарықтың сөнуінен таптырмас мүмкіндікті мүлт жіберген қонақ команда артынша наразылық білдіреді. Алайда техникалық ақауға қатысты ешқандай шара қабылданбады.
Өз кезегінде жанкүйерлер мен сарапшылар бұл жағдайды әлеуметтік желілерде қызу талқылап, оны ақылға қонымсыз деген пікір жазуда.
Кездесу қорытындысы бойынша алаң иелері жеңіске жетті. Буллит сериясында Массачусетс университетінің хоккейшілері қарсыластан басым түсті.