Қазақстан Жапония қақпасына жауапсыз алты шайба соқты

Жекпе-жек шолушысы

Хоккейден Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының Бірінші дивизиондағы екінші матчында Жапонияны ірі есеппен ұтты.

Қазақстан Жапония қақпасына жауапсыз алты шайба соқты
instagram/@kazakhstanhockey

Алғашқы шайба екінші кезеңде соғылды

Кездесу басында қарсыластар сақ қимылдағанымен екінші кезеңнен бастап Талғат Жайлауовтың шәкірттері толық басымдық танытты.

Қазақстан қарсылас қақпасына жауапсыз үш шайба енгізді. Әуелі Дінмұхамед Қайыржан есеп ашты. Көп ұзамай, 28-минутта Аңсар Шайхмедденов мергендігімен көзге түсті. Ал 34-минутта Дмитрий Бреус үшінші шайбаны соғып, ұлттық құраманың басымдығын нығайтты.

Үшінші кезеңде есеп іріленді

Қорытынды жиырма минуттықта Қазақстан қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 54-минутта Әлихан Әсетов командасының төртінші шайбасын соқты.

Ойын соңына қарай қазақстандықтар тағы екі рет мергендік танытты: 57-минутта Роман Старченко, артынша сол минутта Кирилл Ляпунов көзге түсті. Қорытынды есеп - 6:0.

Қазақстан бұған дейін Литваны 4:1 есебімен жеңген. Енді Талғат Жайлауовтың командасы келесі кездесуін 5 мамыр күні сағат 22:30-да Польшаға қарсы өткізеді.