ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ 22-тур

"Барыс" тағы да сүрінді

Елордалық "Барыс" ХК Башқұртстан Республикасы кубогындағы екінші кездесуінде Хабаровскінің "Амурына" 1:5 есебімен есе жіберді.

"Барыс" тағы да сүрінді
hcbarys.kz

Бірінші кезеңде үш шайба соғылды

Матчтағы есеп жетінші минутта ашылды. "Амурдың" шабуылшысы Иван Климович Хантер Шепард қорғаған қақпаны дәл көздеді.

Арада бірнеше минут өткенде қазақстандық клуб таразы басын теңестірді. Всеволод Логвинның пасынан кейін Самат Данияр нәтижелі соққы жасады. Ал бірінші кезең аяқталар тұста Артем Шварев хабаровскілік команданы қайта алға шығарды.

"Амур" үзілістен кейін басымдығын арттырды

Екінші кезеңнің соңғы секундтарында Александр Дергачев сан басымдығын тиімді пайдаланып, "Амурдың" үшінші шайбасын соқты.

Үшінші кезеңде "Барыстың" жағдайы одан әрі қиындай түсті. Алдымен Артем Шварев екінші рет мергендік танытып, дубль авторы атанды. Кейін Иван Климович буллитті сәтті орындап, кездесудің қорытынды есебін белгіледі.

"Барыс" "Ладамен" кездеседі

Астаналық команда Башқұртстан Республикасы кубогындағы соңғы кездесуін 20 тамызда Тольяттидің "Ладасына" қарсы өткізеді. Матч Астана уақытымен сағат 13:00-де басталады.

Бұған дейін "Барыс" турнирдің алғашқы ойынында Уфаның "Салават Юлаев" клубынан 1:4 есебімен жеңілген.

"Барыс" (Астана) — "Амур" (Хабаровск) — 1:5 (1:2, 0:1, 0:2)

Шайбалар:

0:1 — 06:49 Климович (Ли, Кровяков)
1:1 — 14:48 Данияр (Логвин)
1:2 — 19:48 Шварев (Мачулин)
1:3 — 39:55 Дергачев (Лихачев, Филипенко), көпшілікте
1:4 — 47:02 Шварев
1:5 — 51:54 Климович, буллит
Бұл туралы не ойлайсыз?

Пікірлер

Пікір жазу үшін кіріңіз.

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.