Қазақстан хоккейден үшінші рет Азия чемпионы атанды
Отандастарымыз Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен шешуші кездесуде мұзайдын иелерін буллиттер сериясында жеңіп кетті.
Финал қалай аяқталды?
Азия чемпионатының соңғы кездесуінде Талғат Жайлауов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея хоккейшілерімен шеберлік байқасты. Тартысқа толы ойынның негізгі уақытында екі команда да есеп аша алмады. Қосымша бес минутта да шайба соғылған жоқ. Нәтижесінде чемпиондық тағдырын матчтан кейінгі буллиттер сериясы шешті.
Шешуші сәтте қазақстандық хоккейшілер асқан дәлдік танытып, қарсыласын 4:3 есебімен ұтты. Қазақстан сапынан Артур Гросс, Евгений Рымарев (екі рет) және Диас Гусейнов өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланды.
Жеңіс әкелген шешуші буллитті Диас Гусейнов орындады. Ал қақпашы Владислав Нурек 65 минут бойы қарсыластың бірде-бір шайбасын өткізбей, команданың табысына зор үлес қосты.
Қазақстан Азия чемпионатын жеңіліссіз аяқтады
Қазақстан хоккейшілері 2027 жылғы Азия чемпионатында үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.
- 5 қараша: Жапония – Қазақстан – 2:3.
- 7 қараша: Қазақстан – Қытай – 5:0.
- 8 қараша: Қазақстан – Оңтүстік Корея – 1:0 (буллиттер).
Осылайша Талғат Жайлауовтың шәкірттері сегіз ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орынға тұрақтады.
Бұл жеңіс Қазақстан құрамасы үшін тарихи маңызға ие. Ел хоккейшілері Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) ұйымдастыруымен өткен Азия чемпионаттарының үшеуінде де топ жарды.
Қазақстан алғашқы алтын медалін 2024 жылы Алматыдағы турнирде жеңіп алған болатын. 2025 жылы Бейжіңде чемпиондық атағын сәтті қорғады.