Бэйлидің хет-тригі "Барысқа" ҚХЛ көшбасшысын жеңуге көмектесті
Астаналықтар Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Магнитогорскінің "Металлургін" өз мұз айдынында 5:4 есебімен ұтты.
Есепте ұтылып жатып, алға шықты
Кездесуде есепті қонақтар ашты. Бірақ мұзайдын иелері алғашқы кезеңнің өзінде ойын барысын өзгертті. Джастин Бэйли таразы басын теңестірсе, Чейз Приски "Барысты" алға шығарды.
Екінші кезеңнің басында Бэйли тағы бір шайба соғып, дубль авторы атанды. "Металлург" есеп айырмасын қысқартқанымен астаналықтардың шабуылшысы үшінші голын да соғып, хет-трик рәсімдеді.
Соңғы кезеңнен кейін таблода 5:4 есебі тіркелді. Сөйтіп "Барыс" Шығыс конференциясында көш бастап тұрған қарсыласынан басым түсті.
Келесі қарсылас — "Салават Юлаев"
26 матчтан кейін Михаил Кравецтің ұжымы 29 ұпай жинап, Шығыс конференциясында бесінші орында тұр. Ал "Металлург" 27 ойында 39 ұпай еншілеп, конференция көшбасшысы мәртебесін сақтап қалды.
Бұл — "Барыстың" өз мұз айдынындағы қатарынан екінші жеңісі. Бұған дейін Кравец шәкірттері Владивостоктың "Адмиралын" 4:2 есебімен ұтқан еді.
Енді астаналық команда сырт алаңда екі матч өткізеді. 18 қарашада Уфада "Салават Юлаевпен" кездессе, 20 қарашада Омбыда "Авангардқа" қарсы ойнайды.