"Барыс" бес жылға созылған сәтсіз сериясын үзді
Астаналық "Барыс" Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Санкт-Петербургтің СКА клубын сырт алаңда 7:4 есебімен жеңді.
Петербордағы нәтижелі кездесу
Ойындағы есепті тоғызыншы минутта мұз айдын иелері ашты. Бірақ Тайс Томпсон мен Асанәлі Сәркеновтің шайбалары "Барысты" алға шығарды. Бірінші үзіліске дейін СКА таразы басын теңестіріп үлгерді.
Екінші кезеңде Джейк Масси мен Әлихан Өмірбеков мергендік танытып, астаналықтарға екі шайбалық басымдық әкелді.
Соңғы жиырма минутта Сәркенов екінші голын соғып, дубль авторы атанды. Сонымен қатар Самат Данияр мен Всеволод Логвин қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Тартысты матч 7:4 есебімен "Барыстың" жеңісімен аяқталды.
СКА-ға қарсы тоғыз жеңілістен кейінгі жеңіс
"Барыс" бұған дейін СКА-ны соңғы рет 2021 жылғы 17 қазанда жеңген еді. Сол кездесу де Санкт-Петербургте өтіп, қазақстандық клуб буллиттер сериясында басым түскен — 4:3.
Одан кейінгі тоғыз матчтың барлығында СКА жеңіске жеткен. Михаил Кравец шәкірттері осы жолы сәтсіз серияға нүкте қойды.
Осы жеңістен кейін астаналық команда 31 матчта 33 ұпай жинап, Шығыс конференциясында жетінші орынға жайғасты.
"Барыс" келесі кездесуін 29 қарашада сырт алаңда өткізеді. Қарсыласы — Нижнекамскінің "Нефтехимик" клубы.