«Барыс» клубында тек қазақстандық хоккейшілер қалады.
«Барыс» клубында тек қазақстандық хоккейшілер қалады. Олар командада негізгі рөлдерді атқарып, нәтиже үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Туризм және спорт министрлігі «Курсив» басылымының сауалына осылай жауап берді.
Алдағы уақытта елордалық клуб барлық солтүстік америкалық легионерлермен қош айтыспақ.
Спорт министрлігі «Барыстың» жаңа бас бапкері Ғалым Мәмбетәлиевке қазақстандық ойыншылардың деңгейін жаңа сатыға көтеру міндетін қойған. Осыған байланысты клуб шетелдік ойыншылармен келісімшарттарын бұзған.
«Алдағы маусымдарда қазақстандық ойыншылар командада негізгі рөлдерді атқарып, жалпы нәтиже үшін жауапкершілікті өз мойнына алады деп күтілуде. Командада тек қазақстандық хоккейшілер ойнауы тиіс деген мақсат қойылды. Алайда бұл процесс бірден жүзеге аспайды және бірнеше маусым уақытты қажет етеді», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта клуб ресми түрде жеті ойыншымен қоштасты. Олар: канадалық Майкл Маклауд, Натан Болье, Алекс Грант, америкалық Уилл Бутчер, Чейс ДеЛео, ресейлік Даниил Апальков және Беларусь азаматы Владислав Кодола.
«Жақын арада барлық қажетті рәсімдер аяқталған соң, «Барыстан» қалған солтүстікамерикалық легионерлер де кетеді. Олардың орнын Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін «Номад» фарм-клубының ойыншылары басады», – деп хабарлады Спорт министрлігі.
Десе де, аталған ведомство шетелдік легионерлер санына мемлекет шектеу қоя ма деген сұраққа жауап бермеді. Тек Мәжілісте Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу туралы заң жобасы қарастырылып жатқанын атап өтті.
Қазан айында «Барыс» легионерлермен келісімшарттарды бұза бастады. Бұл қадам президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық спортшыларды «орындарынан айыратын» легионерлерден бас тарту ұсынысынан кейін және Антикор тарапынан спорттық шенеуніктердің легионерлерге көп қаражат бөлгені туралы сынынан соң қолға алынды.