
2025 жылдың 20 сәуірі Алматы үшін қайғылы күнге айналды — Almaty Half Marathon жарысында 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади өмірден өтті.
Ресми ақпаратты Almaty Marathon ұйымдастырушылары таратты:
"Almaty Half Marathon барысында 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади көз жұмды. Екеуі де 21,1 шақырымдық жартылай марафон қашықтығын жүгіріп өтпек болды және Алматыдағы жарыстарға үнемі қатысып жүрген спорт сүйер жандар еді", – делінген ресми мәлімдемеде.
Жартылай марафон Президент саябағынан басталып, Орталық стадионға дейінгі маршрутпен өтті. Алғашқы оқыс оқиға әл-Фараби даңғылы бойында, алғашқы шақырымда тіркелді — Аққоян Рсалиев өзін жайсыз сезініп, санаулы минуттар ішінде жедел жәрдем келіп жеткенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
2/51 жедел жәрдем бригадасының дәрігері Әлібек Хожаназаров:
"8:15-те ДП қызметкерлері жүгіріп келе жатқан адамның құлағанын хабарлады. Бір минуттан кейін жеткенде, пульс анықталмады. Алдын ала болжам – өкпе артериясының тромбоэмболиясы. Пациентте созылмалы артериялық гипертензия болған», – деді.
Ал екінші жағдай 16-шы шақырымда тіркелді. 21 жастағы Нұрбол Ахмади есінен танып, құлап қалған. 8/58 бригадасының дәрігері Айгерім Есдәулетованың айтуынша, жедел әрекеттерге қарамастан, өлім фактісі жедел жәрдем келгенге дейін тіркелген:
"9:18-де келгенде пульс болмады, тыныс жоқ, қысым нөл. Реанимациялық шаралар хаттамаға сай жүргізілді, бірақ нәтиже бермеді. Алдын ала диагноз — өкпе артериясының тромбоэмболиясы, жіті жүрек жеткіліксіздігі.
"Батыл болу – бірінші қадам" корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева:
"Біз үшін қатысушылардың қауіпсіздігі — басты басымдық. Әр қатысушы тіркелу барысында өз денсаулығына өзі жауап беретінін растап, қол қояды. Бұл – әлем бойынша марафондарда қалыптасқан тәжірибе.
Біз жыл бойы тегін жаттығу мен қауіпсіз жүгіруге арналған лекциялар өткіземіз. Старт күні барлық азықтандыру нүктелерінде медициналық мамандар алғашқы көмек көрсетуге дайын тұрады".
Сонымен қатар, Қор ұйымдастырушылары қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты және материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Жарыс барысында барлық қызметтер – жедел жәрдем, полиция, медицина — жедел әрі ережеге сай жұмыс істегенімен, өмірлерді сақтап қалу мүмкін болмады. Өлім себептері сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.