
Есбол Сұлтанның 20 жылдан астам уақыт бұрын жалған құжат жасап, жасы кіші жасөспірімдер арасында жарысқа қатысып, алтын медаль жеңіп алғаны белгілі болды.
Қазақстан спортында кезекті дау туындады. Белгілі журналист Диас Нұрақынның жазуынша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасын жаттықтырып жүрген Есбол Сұлтан 2001 жылы "Есбол Ерден" есімімен Азия чемпионатына қатысып, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында алтын медаль еншілеген. Ол кезде спортшының жасы 21-де болған.
"Яғни, 1981 жылы туған спортшы, өз жасын 1984 жыл деп көрсетіп, заңсыз жолмен жүлдеге ие болған", – деп жазады автор.
Ақпаратқа сәйкес, Сұлтан 1997 жылы Шымкенттегі АХАЖ бөлімінен ресми төлқұжат алып, кейін 2000 жылы Қазығұрт ауданында тағы бір жалған туу туралы куәлік жасап алған. Осы "жасы кішірейтілген" құжатпен 2005 жылға дейін түрлі жарыстарға қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген.
Ресми дереккөздерге сүйенсек, бұл жайттан құқық қорғау органдары хабардар болған. Алайда, қылмыстың жасалғанына 25 жыл болғандықтан, істі қысқарту туралы шешім қабылданып, жауапкершілікке тартылмаған.
Журналист Диас Нұрақын мәселе бойынша Есбол Сұлтанмен хабарласуға бірнеше мәрте талпыныс жасаған. Бірақ бапкер тарапынан ешқандай жауап болмаған, WhatsApp арқылы жіберілген хатқа да жауап қайтарылмаған.