
Қазақ кәсіпқой боксшысы Серік Мұсәділовтың отбасында орны толмас қаза болды. Оның бауыры Шыңғыс Мұсәділов Грузияда бірнеше күнге созылған іздестіру жұмыстарынан кейін өлі күйінде табылды.
Шыңғыс 4 тамызға қараған түні Тбилисидің орталығындағы түнгі мекемеден шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған. Осыдан кейін жақындары дереу полицияға жүгініп, іздестіру жарияланды.
"Іздеу бірнеше күнге созылды. Алайда үміт ақталмады – оның денесі табылды. Ажал себебі мен нақты мән-жайлары әзірге айтылған жоқ", — деп мәлімдеді Қазақстанның Грузиядағы елшілігі.
Марқұм Шыңғыс Мұсәділов кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүрген Серік Мұсәділовтың туған бауыры болатын. Серіктің рекорды – 6 жеңіс, 1 тең ойын және бірде-бір жеңіліс жоқ.
Бұл қаза қазақстандық бокс қауымдастығына да ауыр тиді. Көпшілік Серікке қолдау көрсетіп, көңіл айтуда.