Алматыда Қазақстан құрамасын XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына шығарып салу салтанаты өтті. Бұл беделді жарыс 15–26 қараша аралығында Жапонияның Токио қаласында өтеді.
Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстанның Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Ербол Мырзабосынов құраманың ту ұстаушылары – дзюдодан спорт шеберлері, өткен Сурдлимпиаданың жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Крамороваға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын табыстады.
«Жазғы Сурдлимпиада ойындары – елдің спорттық әлеуетін көрсететін маңызды алаң. Бұл – әр спортшының арманына жету жолындағы үлкен белес. Сіздердің қайсар рухтарыңыз бен жеңіске деген ерік-жігерлеріңіз адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейді. Бүгін табысталып отырған Ту – бірлік пен жеңістің нышаны. Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды биікке көтеретініңізге сенемін», – деді министр.
Ербол Мырзабосынов елде спортшылардың кәсіби дамуына бар жағдай жасалып жатқанын атап өтті:
«Бүгін – ерекше күн. Сурдлимпиадада Қазақстанның туын алып шығу – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Бұл – әрбір спортшының арманы. Біз ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырына көтерілу үшін бар күшімізді саламыз!» – деді ту ұстаушы Айдос Түгелбаев.
Қазақстан құрамасы Токиода өтетін Сурдлимпиадада 8 спорт түрі бойынша бақ сынайды: жеңіл атлетика, еркін және грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо және таэквондо.
Биылғы ойындарға 80 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 223 медаль жиынтығын сарапқа салады.