Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 2025 жылғы блиц бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетіп, бұл форматта үшінші мәрте алтын медаль еншіледі. Осылайша 21 жастағы спортшы әйелдер арасындағы блиц шахмат тарихында үш дүркін әлем чемпионы атанған санаулы ойыншылардың қатарына кірді.
Әйелдер бәсекесінде жалпы кезеңде қатысушылар 15 партиядан өткізді. Бибісара бұл сында 11 ұпай жинап, тағы төрт шахматшымен бірге көш басындағы топқа еніп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Жартылай финалда Асаубаева қытайлық Чжу Цзиньэрмен кездесті. Қазақстандық шахматшы үш партияны қатарынан ұтып, матчты мерзімінен бұрын аяқтады. Төртінші ойын қажет болмады.
Бибісара чемпиондық атақ үшін украиналық Анна Музычукпен ойнады. Финалдық матч төрт партияға созылды. Алғашқы үш партия тең аяқталды. Соңғы партияда Асаубаева басым түсіп, жалпы есепте 2,5:1,5 нәтижесімен жеңісті жұлып алды.
Нәтижесінде қазақстандық шахматшы блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл көрсеткішке бұған дейін тарихта тек Екатерина Лагно жеткен. Ал Музычук пен ресейлік Валентина Гунинаның еншісінде екі титулдан бар.
Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионатын 2021 және 2022 жылдары да ұтқан.
Ал өткен әлем чемпионатында қытайлық Цзюй Вэньцзюнь топ жарған (ол классикалық шахматтағы әлем чемпионы ретінде де белгілі).
Бибісара Тараз қаласының тумасы. 2025 жылдың жазында оған ресми түрде гроссмейстер атағы берілді — ол бұл мәртебеге қол жеткізген екінші қазақстандық шахматшы атанды.