Дубайдағы кезекті бәйге уикендінде қазақстандыққа тиесілі Арлан есімді тұлпар миллиондар тігілген жарыста қайтадан жеңіске жетті. Emirates Racing баспасөз қызметінің мәліметінше, сәйгүлік 1950 метр қашықтықтағы додада мәреге бірінші келіп, қомақты жүлде иемденді.
Арланның бұл жолғы табысы — 72 мың дирхам, яғни шамамен 10 миллион теңге. Бұл нәтиже оның Дубайдағы тұрақты түрде жоғары формада екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Арланның бапкері Доуг Ватсон әлеуметтік желіде тұлпардың мінезі мен дайындығына ерекше тоқталып, оның болашағынан үлкен үміт күтетінін айтты.
“Арлан нағыз жауынгерге айналды. Джебель-Алиде қатарынан екінші рет жеңіске жетті. Бұл жолы Tobouggh Corner Stakes бәйгесінде топ жарды — “Джебель-Али Стейкске” дайындықтың бір бөлігі. Осындай керемет атпен алдағыны асыға күтемін”, — деп жазды бапкер.
Айта кетейік, Доуг Ватсон бұған дейін қазақстандық әйгілі Қабірханды да ұзақ уақыт баптаған. Қабірхан 2024 жылы Дубайда 1 миллион долларлық жарыста жеңіп, қазақстандық иесіне ірі гонорар әкелген еді. Кейін иесі тұлпарды сатып алуға өте үлкен ұсыныстар түскенін, бірақ келісім бермегенін мәлімдеген.