Көш басында азиялық мемлекет тұр. Алтын медаль иегеріне шамамен 800 мың доллар беріледі.
Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыларға берілетін ақшалай сыйақы мөлшері бойынша Сингапур көш бастайды. Бұл туралы USA Today және Forbes басылымдары мәлімдеді.
USA Today дерегіне сәйкес, Сингапур үкіметі Олимпиада чемпионы атанған спортшыға 788 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындаған. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
Екінші орында – Гонконг. Мұнда алтын медаль иегерлеріне 767 мың доллар төленеді.
Forbes жариялаған рейтинг бойынша, ең жоғары сыйақы белгілеген елдердің алғашқы бестігіне Польша, Италия және Қазақстан да енген.
Қазақстанда Олимпиада чемпионына 250 мың долларға тең сыйақы қарастырылған. Ол Мәдениет және спорт министрлігінің тиісті бұйрығында көрсетілген.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай қаржылық қолдау спортшыларды ынталандыруға және жоғары нәтижеге жетуге қосымша мотивация береді.
Айта кетейік, осы күндері Италияның Милан мен Кортина қалаларында қысқы Олимпиада-2026 ойындары өтіп жатыр. Қазіргі таңда жалпы медаль саны бойынша Норвегия құрамасы көш бастап келеді. Осы елдің спортшылары 12 жүлде жеңіп алды. Оның алтауы – алтын.