Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Сенат кулуарында Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы жеңіске дейін алған қолдауы туралы пікір білдірді.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай нәтиже ата-ананың табандылығы мен мемлекеттік қолдаудың үйлесуі арқылы келеді.
“Менің жеке пікірім бойынша, мемлекеттің қолдауынсыз Олимпиада ойындарына немесе халықаралық жарыстарға бару мүмкін емес. Неге? Біріншіден, халықаралық старттарға шығатын барлық спортшы, соның ішінде Михаил Шайдоров та, біздегі спортты дамыту дирекциясында тіркеледі, штаттық ұлттық құрама командасының құрамына кіреді. Олар оқу-жаттығу жиындарымен, жарыстарға қатысу сапарларымен қамтамасыз етіледі және келісімшарт бойынша тиісті жалақы алады”, — деді Серік Жарасбаев.
Серік Жарасбаевтың сөзінше, Михаил Шайдоров Олимпиадаға дейін келісімшарт бойынша айына 1 миллион теңгеден сәл жоғары жалақы алған.
“Қателеспесем, Михаил Шайдоровтың Олимпиадаға дейінгі келісімшарты айына бір миллион теңгеден сәл көбірек болған. Келісімшарт — бұл жалақы сияқты. Ал 2025 жылдың ішінде айына шамамен 1,5 миллион теңге алып отырған”, — деді ол.
Вице-министр бұл қолдау спортшының мақсаттарына жетуіне ықпал ететінін атап өтті.
Серік Жарасбаевтың айтуынша, тек жалақы емес, дайындыққа қажет бірқатар шығындар да төленген: оқу-жаттығу жиындары, жарыстарға шығу сапарлары (әуе/теміржол билеттері), тұру және қонақүй, мұз айдынын жалға алу және басқа да ұйымдастыру шығындары.
“Қазір БАҚ-та өкінішке қарай, оның толықтай жалғыз дайындалғаны туралы пікір айтылып жүр. Михаил Шайдоровтың талантын ешкім жоққа шығармайды. Ол — шынымен де ерекше дарынды спортшы. Бірақ мемлекет тарапынан да, ата-анасы тарапынан да қолдау болды. Ең алдымен, оның әкесі — өзіне жаттықтырушы. Ол да кезінде атақты мәнерлеп сырғанаушы болған”, — деп толықтырды вице-министр.
Серік Жарасбаев бұрын Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева жағдайында да ұқсас мәселелер кездескенін айтты.
“Бұл — қалыпты жағдай емес (әке-жаттықтырушы баласын жаттықтыру үшін көлігін сатуға мәжбүр болуы — ред.), мен бұған келісемін. Ұлттық құраманың дайындығына әсер еткен осындай оқиғалар өкінішке қарай болған”, — деді ол.
Сонымен қатар спикер министрлік, мемлекет және Алматы әкімдігі тарапынан спортшылардың лайықты деңгейде өнер көрсетуі үшін тиісті жұмыстар жүргізілгенін қорытындылады.