Алуа Нұрман ТОП-3-те: Қазақстан шахматшылары ФИДЕ рейтингінде үздік атанды
Қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман Халықаралық шахмат федерацияның жаңартылған рейтингінде әлемнің үздік үштігіне енді.
19 жастағы Алуа Нұрман 2443 ұпаймен әлемдік рейтингте 2-орында тұр. Қазақстандық шахматшы алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда бірден 14 позицияға көтеріліп, 105 ұпай қосқан.
Нұрман рейтинг көшбасшысы ресейлік Анна Шухманды қуып жетуге жақын, қытайлық Лу Мяои үздік үштікті түйіндеді.
Әлемдік рейтингтің үздіктері
Алуа Нұрман биыл Grenke Chess фестивалінде көпшілік назарын аудартқан еді. Германияның Карлсруэ қаласында өткен турнирде ол әлемнің бірінші шахматшысы Магнус Карлсенмен селфи жасаған. Бірақ кейін Карлсен төрешілерге қарсыласында телефон бар екенін хабарлаған. Нәтижесінде төрешілер құрылғыны ойын басталмай тұрып алып, Нұрманға ескерту жасаған. Бұл жағдай партияның нәтижесіне әсер етпеді. Жеңісті Карлсен еншіледі.
Аталған рейтингте қазақстандық шахматшы Әмина Қайырбекова 2374 ұпаймен әлемдік рейтингте 11-орынды иеленді.
Асаубаева үздік ондықта
Отандасымыз Бибісара Асаубаева мамыр рейтингінде 7-орынды иеленіп, үздік ондықтағы позициясын нығайтты. Қазақстандық гроссмейстер биыл Үміткерлер турнирде екінші орын алған. Ал сайыста жеңіске жеткен Вайшали Рамешбабу қазір кестеде 13-орында, енді ол әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен кездеседі.
Әлішер Әбдісаттар да көтерілді
Сәуір айындағы ең мықты нәтиже қазақстандық жас шахматшыға тиесілі. 14 жастағы Әлішер Әбдісаттар бір ай ішінде рейтингін 2185-тен 2429-ға дейін көтеріп, 244 ұпай қосқан.
Ол Испанияда өткен Menorca Open турнирінде ұпай жинағанымен соңғы екі партия қарсыластарының келмеуіне байланысты автоматты түрде жеңіс ретінде тіркеліп, норма орындауына мүмкіндік болмаған.