Жавохир Синдаров Карлсенмен бірге үздік бестікке енді

Спорт шолушысы

Өзбекстандық жас шахматшы Жавохир Синдаров әлемдік рейтингте серпіліс жасады.

Жавохир Синдаров Карлсенмен бірге үздік бестікке енді
ФИДЕ

ФИДЕ жаңартқан соңғы тізімде Жавохир бірден алты сатыға көтеріліп, 5-орынға тұрақтады. Синдаров Үміткерлер турнирінде жеңіске жеткеннен кейін рейтингтегі көрсеткішіне 30,6 ұпай қосылып, 2775,6 баллмен әлемнің ТОП-5 шахматшылары арасындағы ең жас ойыншы атанды.

Еске салсақ, 2025 жылы ол әлемдік рейтингте 31-орында тұрған. Мұндай қарқын оны әлемдік 2800 рекордтық балл шегіне жақындата түсті, бұл межені тарихта небәрі 16 шахматшы ғана бағындырған. Кипрдің Пафос қаласында өткен турнирдегі жеңіс шахматшыны әлем чемпионы атағына басты үміткер етті. Күзде Жавохир үндістандық Гукеш Доммараджумен чемпиондық матчта кездеседі.

Әлемдік рейтинг көшбасшылары

Қазіргі таңда рейтингтің көшін 2840 ұпаймен Магнус Карлсен бастап тұр. Кейінгі орындарда Хикару Накамура (2792) мен Фабиано Каруана (2788) орналасқан. Төртінші орында тағы бір өзбек шахматшысы Нодирбек Абдусатторов.

Бұған дейін Нодирбек Абдусатторов тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келсе, енді Синдаров та әлемдік элитаға қосылды. Осылайша, үздік бестікте екі бірдей өзбек гроссмейстері бар. Бір қызығы, алғашқы ондықта бірде-бір үнді шахматшысы жоқ.