Михаил Шайдоровқа Алматыдан элиталы пәтер берілмек
Алматы әкімдігі Михаил Шайдоровқа пәтер сатып алуға конкурс жариялады. Мемлекеттік сатып алу құжаттарына сәйкес баспана құны 120 миллион теңгеге дейін жетеді.
Пәтерге қандай талап қойылды?
Ақпаратқа сәйкес, сатып алуды Алматы әкімдігі жанындағы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жүргізіп жатыр. Конкурс талаптары бойынша пәтер:
- Алматының орталық бөлігінде орналасуы керек;
- ауданы 110-120,5 шаршы метр аралығындағы кемінде үш бөлмелі болуы қажет;
- 2025 жылдан ерте пайдалануға берілмеген “комфорт” санатынан төмен емес тұрғын үй болуы шарт.
Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан қоржынына көптен күткен алтын медаль сыйлаған. Бұл жеңіс тәуелсіз ел тарихындағы екінші алтын бас жүлде болды.
Әкімдік бұл шешімді қалай түсіндірді?
Алматы әкімдігінің сөзінше бұл шығын бюджет қаражатын орынсыз жұмсау емес. Ал тұрғын үйдің бағасы Алматыдағы бастапқы нарықтағы баспана құнына жүргізілген талдау негізінде анықталған. Пәтер бағасын белгілеу кезінде нарықтағы бірнеше ұсыныс қарастырылғанымен арзанырақ нұсқалар техникалық және сапалық талаптарға толық сәйкес келмеген.
Шайдоров қандай сыйлыққа ие болды?
Мәнерлеп сырғанаушы әлемдік додадағы жеңісі үшін мемлекеттен 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. Сонымен қатар Шайдоровқа қала әкімдігі үш бөлмелі пәтер, автокөлік және ақшалай сертификат табыстады. Әнші Димаш Құдайберген мен бірқатар бизнес иелері чемпионға автокөлік тарту еткен.