Михаил Шайдоров бес ай бойы жалақысыз жүр

Спорт шолушысы

Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңістен кейін өзіне және жаттықтырушылар командасына жалақы төлеу тоқтатылғанын айтты.

Михаил Шайдоров бес ай бойы жалақысыз жүр
Olympic.kz

Спортшы бұл туралы Тимур Балымбетовтің YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Мәнерлеп сырғанаушының айтуынша, министрлік тек 2025 жылғы қаржылық қолдау туралы ақпаратты көрсетіп, ал алдыңғы жылдардағы шығындарды назардан тыс қалдырған.

“Менің жалақым туралы ақпаратты жариялаған кезде,бұл маған деген құрметсіздік сияқты көрінді. Себебі тек менің мәліметтерім көрсетілді, басқа спортшылар туралы ештеңе айтылмады. Осы арқылы отбасымның, әкемнің еңбегін төмендетіп, бұл медальға өздерінің қатысы бар екенін көрсеткісі келгендей болды. Алайда Олимпиада циклі төрт жылға созылады. Сол төрт жылдың ішінде негізгі қолдау тек 2025 жылы әлем чемпионатында күміс медаль алғаннан кейін ғана көрсетіле бастады. Сол кезде бағдарламаларды қоюға, костюм тігуге қаржы бөлінді. Бірақ мұндай қолдау төрт жыл бұрын басталуы керек еді. Себебі Олимпиада чемпионын бір жылдың ішінде дайындау мүмкін емес”

Сонымен қатар Олимпиада жүлдегері Астана әкімдігіне мұз айдыны мен жеке киім ауыстыру бөлмесін бергені үшін алғыс айтты. Оның айтуынша, қазір қала тарапынан қолдау бар. Дегенмен жалақы мәселесі әлі шешілмеген.

“Олимпиададағы жеңістен кейін әлі күнге дейін жалақы алған жоқпын. Бес ай болды, жалақы төленбей келеді. Қазір мен келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ қалай дайындалатынымды білмеймін. Жаттығу жиындары жоспарланған, бағдарлама қою мерзімі белгіленген. Біз бағдарламаларды қою шығындары төлене ме деп бірнеше рет сұрадық. Бірақ бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқаша жауап береді. Ештеңе нақты емес.”

Шайдоровтың сөзінше, 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап оған медициналық бақылау да көрсетілмейді. Спортшы келесі маусымға дайындық мәселесі күрделеніп отырғанын жасырмады.

“Мысалы 1 ақпаннан бастап дәрігерімді алып тастады. Яғни сол күннен бері ресми түрде дәрігерлік бақылаусыз қалдым. Бұл мен үшін түсініксіз әрі жағымсыз жағдай. Қазір қала тарапынан қолдан келгенше қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ не себеп екенін білмеймін, әлі күнге дейін мен де, командам да жалақы алмаймыз.”

Михаил Шайдоров Миланда өткен қысқы Олимпиадада ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алған еді.