80 жастағы қазақстандық марафоншы 42 шақырым жүгіріп өтті

Футбол шолушысы

Қазақстандық ардагер спортшы Салтанат Түйтебаев Оңтүстік Африка Республикасында өткен халықаралық марафонда ерлікке пара-пар нәтиже көрсетті. 80 жастағы желаяқ жарақат алғанына қарамастан толық марафон қашықтығын бағындырды.

80 жастағы қазақстандық марафоншы 42 шақырым жүгіріп өтті
baq.kz

Марафонды соңына дейін жүгірді

Астаналық марафоншы Салтанат Түйтебаев ОАР-дағы жарыстан елге оралды. Оны елорда әуежайында салтанатты түрде қарсы алды.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, спортшы жарыс кезінде жарақат алған. Соған қарамастан 42,2 шақырымдық классикалық марафон қашықтығын толық аяқтаған.

Ведомство өкілдері Салтанат Түйтебаевтың бұқаралық спортты дамытуға қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.

“Салтанат Түйтебаев — белсенді өмір салтының жарқын өкілі әрі бұқаралық спорттың дамуына елеулі үлес қосып жүрген азамат”, — делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін де халықаралық жарыстарда топ жарған

Бұл — қазақстандық ақсақалдың алғашқы ірі жетістігі емес. Салтанат Түйтебаев былтыр Нью-Йорк марафонында 80-89 жас санатында чемпион атанған. Ол кезде отандасымыз қашықтықты 4 сағат 45 минутта жүгіріп өтті. 

Ал 2021 жылы 75-79 жас аралығындағы спортшылар арасында күміс медаль жеңіп алды.