Бибісара Асаубаева армагеддонда жеңіске жетіп, көшбасшылығын нығайтты
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-2026 турнирінің екінші турында қытайлық Чжу Цзиньэрді армагеддонда жеңді.
Екінші турдағы негізгі классикалық партия тең нәтижемен аяқталды. Осыдан кейін шахматшылар жеңімпазды анықтау үшін қосымша армагеддон партиясын өткізді. Шешуші сәтте қазақстандық шахматшы салқынқандылық танытып, қарсыласынан басым түсті.
Екі турдың қорытындысы бойынша Бибісара Асаубаева 4,5 ұпай жинап, Norway Chess Women-2026 турнирлік кестесінде жеке-дара көш бастап тұр.
Қазіргі жағдай:
- Бибісара Асаубаева 4,5 ұпай
- Дивья Дешмух 3 ұпай
- Анна Музычук 2,5 ұпай
Армагеддон деген не?
Армагеддон — классикалық партия тең аяқталған жағдайда ойналатын шешуші партия. Бұл форматта ақ түспен ойнайтын шахматшыға көбірек уақыт беріледі, бірақ ол міндетті түрде жеңіске жетуі керек. Ал қара түспен ойнаған ойыншыға тең нәтиженің өзі жалпы жеңіс үшін жеткілікті.
Бұл кездесуде Бибісара Асаубаева қара фигуралармен ойнады және қажетті нәтижеге жетті.
Келесі қарсыласы — Дивья Дешмух
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева алғашқы турда да қара фигуралармен ойнап, Үндістанның тәжірибелі гроссмейстері Хампи Конеруді жеңді.
Келесі партияда қазақстандық шахматшы үндістандық Дивья Дешмухпен кездеседі. Бұл ойын турнирдегі көшбасшылыққа тікелей әсер етуі мүмкін.