Қазақстандық әлем чемпиондары тарихи жеңіс үшін қанша сыйақы алады?
Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Гонконгтегі әлем чемпионатында сенсациялық жеңіске жетіп, ел тарихында алғаш рет командалық сында алтын медаль иеленді.
Финалда Украинаны жеңді
Шпагамен семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы командалық сында топ жарды. Финалда Украина құрамасын 45:40 есебімен жеңді.
Қазақстан атынан жарысқа Ерлік Сертай, Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов қатысты.
Халықаралық федерация 50 мың доллар табыстады
Марапаттау рәсімі кезінде Қазақстан құрамасына Халықаралық семсерлесу федерациясы атынан 50 мың долларлық сертификат табысталды.
Бұл қаражат команда құрамындағы төрт спортшыға тең бөлінсе, әрқайсысына 12,5 мың доллардан тиеді.
Қазақстаннан да сыйақы алады
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, Олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрінен әлем чемпионы атанған әрбір қазақстандық спортшыға мемлекет тарапынан 15 мың доллар көлемінде сыйақы қарастырылған.
Осылайша халықаралық федерациядан берілетін 12,5 мың доллар мен мемлекеттік 15 мың долларды қосқанда, әр семсерлесушінің жалпы сыйақысы кемінде 27,5 мың доллар болады.
Семсерлесудегі тарихи нәтиже
Олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионатында жеңіске жету қазақстандық спортшылар үшін сирек кездесетін жетістік. Мысалы 2025 жылы Қазақстан өкілдері бокс пен грек-рим күресінен ғана әлем чемпионы атанған.
Семсерлесу — әлемдегі бәсекелестігі жоғары спорт түрлерінің бірі. Бұған дейін әлем чемпионаттарының алтын медалін 32 елдің спортшылары жеңіп алған еді. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылды.