Асаубаева АҚШ-тағы мәртебелі турнирде ерекше құрметке ие болды (ВИДЕО)

Спорт шолушысы

Қазақстандық шахматшы беделді St. Louis Rapid & Blitz турнирінің үшінші ойын күнін ашу рәсіміне қатысты.

Асаубаева АҚШ-тағы мәртебелі турнирде ерекше құрметке ие болды (ВИДЕО)
instagram/@grandchesstourofficial

Асаубаева турнирдің ойын күнін ашты

Сент-Луис қаласындағы жарыстың үшінші күні Бибісара Асаубаеваның қатысуымен салтанатты рәсім өтті.

Қазақстандық шахматшы арнайы қоңырауды соғып, кезекті турдың ресми түрде басталғанын хабарлады. Осыдан кейін жарысқа қатысушылар тақта басындағы партияларына кірісті.

Бұл құрмет кімдерге беріледі?

Қоңырау соғу рәсімі Grand Chess Tour сериясындағы турнирлердің дәстүріне айналған.

Әдетте ойын күнін ашу құқығы әлемге танымал, жоғары дәрежелі және шахмат қоғамдастығында беделі бар гроссмейстерлерге беріледі. Сондықтан Бибісара Асаубаеваның бұл рәсімге қатысуы оның халықаралық аренадағы танымалдығы мен мәртебесін көрсетеді.

Бибісара Сент-Луиске неге келді?

Қазақстандық шахматшы St. Louis Rapid & Blitz турниріне ойыншы ретінде қатысып жатқан жоқ.

Асаубаева Сент-Луиске алдағы Cairns Cup 2026 әйелдер супертурниріне дайындалу үшін ертерек келген. Бұл жарыс қазіргі турнир аяқталғаннан кейін дәл осы шахмат клубында басталады.

Cairns Cup – әлемнің мықты шахматшылары қатысатын беделді әйелдер турнирлерінің бірі.

Ал St. Louis Rapid & Blitz жарысы 2-6 тамыз аралығында өтеді. Турнир Grand Chess Tour беделді сериясының кезеңдерінің бірі саналады. Жарысқа әлемнің үздік гроссмейстерлері қатысады.

Бәсеке рапид және блиц дисциплинасы бойынша ұйымдастырылады. Қатысушылардың екі форматтағы нәтижесі қосылып, Grand Chess Tour жалпы есебіне енгізіледі.