Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы супертурнирде екі дүркін әлем чемпионымен тең түсті
Отандасымыз қара фигурамен ойнап, әлемдік рейтингтің жетінші нөміріне қарсы ұпай бөлісті.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы беделді әйелдер турнирін сәтті бастады. Сент-Луисте өтіп жатқан Cairns Cup-2026 жарысының бірінші турында ол Украина өкілі Анна Музычукпен кездесті.
Алғашқы турда Бибісара Асаубаева қара фигурамен өнер көрсетті.
Қазақстандық шахматшы әлемдік рейтингте жетінші орында тұрған Анна Музычукке қарсы ойында жеңіліске жол бермей, партияны тең нәтижемен аяқтады.
Қарсыласы — әлемдік шахматтың танымал өкілі
36 жастағы Анна Музычук — әйелдер шахматындағы ең тәжірибелі ойыншылардың бірі.
Украиналық шахматшы блицтен екі дүркін әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар ол рапидтен әлем чемпионы, классикалық шахматтан әлем вице-чемпионы және Украина құрамасы сапында Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының жеңімпазы болған.
Cairns Cup қандай турнир?
Cairns Cup — әйелдер арасындағы әлемдегі ең мықты айналмалы турнирлердің бірі.
Бұл жарысқа дәстүрлі түрде әлемнің жетекші шахматшылары шақырылады. Биылғы турнир АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатыр.
Cairns Cup-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды.
Жарыс жеңімпазы 60 мың доллар көлемінде бас жүлде алады. Турнир тамыз айының ортасына дейін жалғасады.