Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионатында үшінші медалін жеңіп алды

Ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Қытайдағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионатында үшінші медалін жеңіп алды
instagram.com/nurgisa.adiletuly/

Әлем чемпионатында екі рекорд орнатты

Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы жүлдесін иемденді. 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрғиса Әділетұлы он қарсыласымен бәсекеге түсіп, жоғары нәтиже көрсетті. Ол жұлқа көтеруде 182 келіні, ал серпе көтеруде 217 келіні бағындырды. Нәтижесінде қоссайыс қорытындысы бойынша 399 келі жинап, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Сонымен қатар отандасымыз жұлқа және серпе көтеру жаттығуларында әлемдік рекордтар тіркеп, жеке мансабындағы ең жоғары қоссайыс нәтижесіне қол жеткізді.

Әлем чемпионатының үздік үштігі:

  1. Карлос Насар (Болгария) 415 кг 185 + 230 кг
  2. Нұрғиса Әділетұлы (Қазақстан) 399 кг 182 + 217 кг
  3. Әли Әліпур (Иран) 396 кг 181 + 215 кг

Бірінші орынды болгариялық Карлос Насар иеленді. 2021, 2024 және 2025 жылдары әлем чемпионы атанған зілтемірші бұл жолы да қарсыластарынан басым түсті. Ал қазақстандық ауыр атлет ирандық Әли Әліпурды үш келі айырмашылықпен артта қалдырды.

Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионаттарында қанша медаль жеңіп алды?

Қытайдағы күміс жүлде отандасымыздың әлем чемпионаттарындағы үшінші медалі болды. Бұған дейін ол 2022 жылы күміс, ал 2024 жылы алтын медаль жеңіп алған еді. Осылайша қазақстандықтың еншісінде әлем біріншіліктерінің бір алтын және екі күміс жүлдесі бар.

Айта кетейік, Нұрғиса Әділетұлы бұған дейін Айти мен Нагояда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында да күміс жүлдегер атанған. Сол жарыста ол ирандық Әли Әліпурға есе жіберген.

Нұрғиса Әділетұлы 2000 жылғы 9 қазанда Түркістан облысының Бөген ауылында дүниеге келген. Қазір халықаралық жарыстарда Шымкент қаласының атынан өнер көрсетеді.

Жеке бапкері – Жәнібек Кішкенбаев.

Негізгі жетістіктері:
2019 жыл – жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
2020 жыл – жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы;
2021 жыл – Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
2022 жыл – әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
2024 жыл – әлем чемпионы;
2025 жыл – Ислам ынтымақтастығы ойындарының үш дүркін чемпионы;
2026 жыл – Азия ойындарының күміс жүлдегері;
 2026 жыл – әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Нұрғиса Әділетұлы – Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Бұл туралы не ойлайсыз?