Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстан Лос-Анджелес Олимпиадасының алғашқы жолдамасын иеленді

Тарихи жолдаманы стенд атудан ұлттық құрама мүшесі Әсем Орынбай жеңіп алды. 

Қазақстан Лос-Анджелес Олимпиадасының алғашқы жолдамасын иеленді
Спортты дамыту дирекциясы

Алғашқы олимпиадалық лицензия

Қатардағы стенд атудан 2026 жылғы лицензиялық әлем чемпионатында Әсем Орынбай жоғары нәтиже көрсетті. Ол "скит" дисциплинасында финалға жолдама алып, шешуші кезеңде бақ сынаған сегіз мергеннің арасынан бесінші орынға тұрақтады.

Бұл нәтиже Қазақстан құрамасына 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына алғашқы лицензияны жеңіп алуға мүмкіндік берді.

Әйелдер арасындағы "скит" сайысында қытайлықтар айқын басымдық танытып, тұғырдағы үш орынды да өзара бөлісті.

Төртінші орынды словакиялық Моника Штибрава иеленсе, Әсем Орынбай үздік бестікті түйіндеді.

Айта кетейік, Қатардағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынында бір медаль бар. Оны Ирина Юнусметова жеңіп алған. Қазақстандық мерген әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды.

Орынбай үшін үшінші Олимпиада

33 жастағы Әсем Орынбай — Қазақстан стенд ату спортының тәжірибелі өкілдерінің бірі.

Егер ол 2028 жылғы Олимпиадаға қатысатын болса, бұл оның мансабындағы үшінші Олимпиада ойындары болмақ.

Бұған дейін қазақстандық мерген 2020 жылғы Токио және 2024 жылғы Париж Олимпиадаларында өнер көрсетті. Оның Олимпиададағы ең үздік нәтижесі — Парижде тіркелген 12-орын.

Мергеннің басты жетістіктері қатарында:

  • 2022 жылғы әлем чемпионатының қола медалі;
  • 2022 жылғы Азия ойындарының екі алтын жүлдесі;
  • 2022 жылғы Азия чемпионатының алтын медалі;
  • 2026 жылғы Азия ойындарының қола жүлдесі бар.
Бұл туралы не ойлайсыз?