Бибісара Асаубаева әлемнің үздік гроссмейстерлерінің бірін жеңді
Қазақстандық шахматшы Будапешттегі Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде үндістандық Арджун Эригайсиді ұтты.
Қара фигуралармен ойнап, жеңіске жетті
Асаубаева Венгрия астанасында өтіп жатқан жарыстың топтық кезеңіндегі екінші раундта Эригайсимен кездесті. "Жылдам классика" форматындағы шағын матчтың алғашқы партиясында қазақстандық шахматшы қара фигуралармен ойнап, қарсыласын тізе бүктірді.
Кездесу алдында үндістандық гроссмейстердің рейтингі 2746 ұпай болған. Ол ФИДЕ тізімінде 12-орында тұрған.
Асаубаева алғаш рет "2700+" межесіндегі қарсыласын ұтты
Бибісара бұған дейін классикалық уақыт бақылауында рейтингі 2700 ұпайдан асатын шахматшыларды жеңбеген еді.
Осы көрсеткіш бойынша оның бұрынғы үздік нәтижесі – рейтингі 2691 ұпай болған Санан Сюгировті ұтуы. Эригайсиге қарсы партиядағы табыс қазақстандық шахматшыға жеке рекордын жаңартуға мүмкіндік берді.
Будапешттегі жарыстың басы Асаубаева үшін қиынға соқты. 10 қарашада өткен алдын ала блиц-турнирде ол қатарынан сегіз рет жеңіліп, 0,5 ұпаймен 24-орында қалды.
Дегенмен топтық кезеңде Бибісара нәтижесін жақсартты. Алғашқы раундта АҚШ-тың үш дүркін чемпионы Уэсли Сомен екі партияда да тең түсті. Екінші раундтағы алғашқы ойында Эригайсиді жеңіп, турнирдегі маңызды табысына жетті.