Бибісара Асаубаева супертурнирде Магнус Карлсенмен қатар келеді
Total Chess World Championship Tour турниріне барлығы 24 гроссмейстер қатысып жатыр.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour супертурнирінің топтық кезеңінде америкалық гроссмейстер Уэсли Соға қарсы екі партияны да тең аяқтады. Бұл кездесулер жарыстың екінші ойын күні аясында өтті.
Асаубаева D тобында бесінші орында
D тобында өнер көрсетіп жатқан Бибісара Асаубаева екі ұпай жинап, Уэсли Со, Ханс Моке Ниманн және Арджун Эригайсимен бірдей көрсеткішке ие болды.
Топ көшін төрт ұпаймен француз Максим Вашье-Лаграв бастап тұр.
Екінші ойын күнінен кейін D тобындағы жағдай:
- Максим Вашье-Лаграв (Франция) — 4 ұпай
- Ханс Моке Ниманн (АҚШ) — 2
- Арджун Эригайси (Үндістан) — 2
- Уэсли Со (АҚШ) — 2
- Бибісара Асаубаева (Қазақстан) — 2
- Вайшали Рамешбабу (Үндістан) — 1
Абдусатторовтан жоғары нәтиже көрсетті
Классикалық кезеңде жинаған ұпай саны бойынша Асаубаева өзбекстандық гроссмейстер Нодирбек Абдусатторовты басып озды.
Олимпиада чемпионы әрі 2025 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы Абдусатторов А тобында әзірге бір ғана ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы орнында тұр.
Карлсен өз тобында көш бастай алмай отыр
Басқа топтарда француз Алиреза Фирузджа мен поляк Ян-Кшиштоф Дуда төрт ұпайдан жинап, А тобында көш бастап тұр.
B тобында америкалық Фабиано Каруана мен вьетнамдық Ле Куанг Льемнің еншісінде төрт ұпайдан бар.
Ал C тобында төрт ұпай жинаған ресейлік Ян Непомнящий бірінші орында келеді. Норвегиялық экс-әлем чемпионы Магнус Карлсенде екі ұпай бар.
Жүлде қоры — 650 мың доллар
Total Chess World Championship Tour турниріне барлығы 24 гроссмейстер қатысып жатыр.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 650 мың долларды құрайды.
Жартылай финалға әр топтың тек жеңімпазы ғана шығады.