Дакарда Қазақстан қоржыны тағы толықты
Қазақстандық таэквондошы Любовь Юн Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасы-2026 жарысының қола жүлдегері атанды.
Сербиялыққа жол берді
63 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Юн финал жолдамасы үшін сербиялық Эма Зечировичпен күш сынасты.
Қазақстандық таэквондошы алғашқы раундта 4:18, екіншісінде 4:14 есебімен есе жіберді. Осылайша раундтар бойынша 2:0 есебімен жеңген Сербия өкілі финалға өтті.
Жарыс ережесіне сәйкес, жартылай финалда жеңілген екі таэквондошы да қола медаль алады. Соның нәтижесінде Юн Олимпиада жүлдегерлерінің қатарына қосылды.
Любовь Юн жартылай финалға жеткенше екі кездесу өткізді. Алғашқы жекпе-жегінде норвегиялық Сара Наташа Фемер-Педерсенді 2:0 есебімен ұтты. Ширек финалда бразилиялық Рафаэла Мейреллес да Костаны да дәл осындай есеппен жеңді.
Қазақстан қоржынында екі алтын, екі қола бар
Юнның жүлдесімен Қазақстан құрамасының Дакардағы медаль саны төртеуге жетті. Бұған дейін ел қоржынына жүлде салғандар:
Фатима Сұпығалиева – дзюдодан 52 келіге дейінгі салмақта алтын;
Әнел Ташбай – велоспорттан алтын;
Рамазан Әйнегов – триатлоннан қола.
Осылайша Қазақстан құрамасының еншісінде әзірге екі алтын және екі қола медаль бар.