Тұрсынғали жасөспірімдер Олимпиадасының финалына шықты
Қазақстандық боксшы Ақнұр Тұрсынғали Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының финалына жолдама алды.
Екінші раундта нокдаун тіркелді
57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақ боксшы жартылай финалда украиналық Евангелина Петрукпен қолғап түйістірді. Ақнұр жекпе-жекте төрешілердің 4:1 есебімен бөлінген шешімімен басым түсті.
Кездесудің екінші раундында қазақстандық боксшының соққысынан кейін Петрукке нокдаун саналды. Ақнұр жеңісті жекпе-жек соңына дейін жеткізіп, алтын медаль үшін жұдырықтасу мүмкіндігіне ие болды.
Тұрсынғалидың финалдық айқасы 12 қарашада өтеді.
Бейбарыс Әшірбай да финал жолдамасына таласады
11 қарашада Дакар шаршы алаңында тағы екі қазақстандық жартылай финалдық кездесуін өткізеді.
Күндізгі бағдарламада 70 келіге дейінгі салмақтағы Бейбарыс Әшірбай мексикалық Хорхе Луис Гутьерреспен кездеседі. Әшірбай бұған дейін 27 қазанда Будвада аяқталған жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған.
Марал Төлепберген қашан жұдырықтасады?
Кешкі сессияда 54 келіге дейінгі салмақтағы Марал Төлепберген рингке шығады. Оның қарсыласы – өзбекстандық Сабрина Чакоманова.
Кешкі бағдарлама Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Төлепберген мен Чакоманованың жекпе-жегі кестеде төртінші болып белгіленген.