Паралимпиада жеңімпазы джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
Парабиатлоншы Ербол Хамитов Абу-Дабиде пара джиу-джитсудан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Финалда америкалық қарсыласын жеңді
Қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов жартылай финалда бразилиялық Джексон Рибейрумен кездесіп, 8:2 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші белдесуде америкалық Растин Хьюзден басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Джексон Рибейру қола жүлдеге ие болды. Жарыс Абу-Дабидегі Mubadala Arena кешенінде өтті.
Хамитов бұған дейін де джиу-джитсу және грэпплинг жарыстарына қатысқан. Ол 2019 жылы грэпплингтен Азия чемпионатында өз санатында топ жарған.
Қазақстанға тарихи алтын сыйлады
Ербол Хамитов наурыз айында Қазақстан тарихындағы биатлоннан алғашқы Паралимпиада алтынын жеңіп алған еді. Ол отырып жарысатын спортшылар арасындағы 4,5 шақырымдық із кесу сайысында жеңімпаз атанды.
Сол Паралимпиадада шаңғы жарысынан 1500 метрлік спринтте де қола медаль иеленді.