Асаубаева Магнус Карлсенге қарсы ойында жеңілістер сериясын тоқтатты
Бибісара Асаубаева Венгрия астанасы Будапештте Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде әлемнің 16-чемпионы Магнус Карлсенмен тең түсті.
Асаубаева Карлсенге төрт партияда жол берді
Бибісара Асаубаева мен Магнус Карлсен плей-офф кезеңінің бесінші торындағы (Knockout 5) жартылай финалда кездесіп жатыр. Бұл кезеңде шахматшылар 17–20-орындар үшін таласуда.
Екінші ойын күні қазақстандық шахматшы үшін сәтсіз басталды. Блиц форматындағы алғашқы төрт партияның барлығында Карлсен жеңіске жетіп, есепті 4:0-ге жеткізді. Бірақ келесі партияда Асаубаева қарсыласының жеңісті сериясын тоқтата алды.
Карлсенмен тең түсті
Рапид форматында өткен кездесуде қазақстандық шахматшы ақ фигуралармен ойнап, норвегиялық гроссмейстермен тең нәтиже тіркеді. Турнир ережесіне сәйкес бұл нәтиже үшін екі ойыншы да екі ұпайдан алды. Осылайша екінші жарыс күніндегі есеп Карлсеннің пайдасына 6:2 болды.
Айта кетейік, қарсыластар арасындағы алғашқы ойын күні де норвегиялық шахматшының басымдығымен аяқталған еді. Ол Асаубаеваны 11,5:8,5 есебімен ұтқан.
Бір қызығы, қазақстандық шахматшы сол күні сегіз ұпайды Карлсеннің жылдам классика форматындағы соңғы партияға қатысудан бас тартуының нәтижесінде иеленген.
Алда шешуші партиялар күтіп тұр
Екінші ойын күні аясында Асаубаева мен Карлсен тағы екі партия өткізеді. Алдымен қарсыластар рапидте қайта кездеседі. Одан кейін жылдам классика форматындағы соңғы ойын өтеді.
Бұл партияның маңызы ерекше. Себебі онда жеңіске жеткен шахматшы бірден сегіз ұпай алады.
Айта кетейік, Будапештте ұйымдастырылған Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 650 мың АҚШ долларға тең.