ФИДЕ Асаубаевамен ойнаудан бас тартқан Карлсенге қатысты мәлімдеме жасады
ФИДЕ Будапешттегі Total Chess World Championship Tour Pilot турнирінде Магнус Карлсеннің бірқатар партияны ойнаудан бас тартуына қатысты әрекетін Әдеп және тәртіп комиссиясының қарауына бермек.
ФИДЕ қандай жағдайларға назар аударды?
Федерация мәліметінше, жарыс барысында бірнеше шахматшы жоспарланған партияларға қатыспаған. Мұндай жағдайлар Магнус Карлсеннің матчтарында да тіркелген.
Турнир ережесі қатысушыларды белгіленген барлық партияны ойнауға міндеттейді. Дегенмен кейбір кездесулерде жеңімпаз алдын ала анықталып қойғандықтан, қалған партиялардан бас тарту матчтың қорытындысына әсер етпеген.
Бибісара Асаубаевамен болған кездесу де осы санатқа жатады. Карлсен блиц пен рапидтегі нәтижелерінің арқасында жеңісін ертерек қамтамасыз етіп, "жылдам классика" форматындағы соңғы екі партияға шықпаған. Екі күндік матч норвегиялық шахматшының пайдасына 21,5:18,5 есебімен аяқталған.
Комиссияға жолданатын материалдар Артемьевпен матчқа қатысты
ФИДЕ-нің негізгі наразылығын Карлсеннің Владислав Артемьевпен кездесуіндегі әрекеті туғызған. Федерацияның мәлімдеуінше, ол екі күн ішінде жоспарланған үш партияны ойнаудан бас тартқан. Бұл кезде текетірестің жеңімпазы әлі анықталмаған еді.
Ұйым өткізілмеген партиялардың турнир кестесінің жоғарғы бөлігіндегі орындардың бөлінуіне елеулі ықпал еткенін атап өтті. ФИДЕ мұндай әрекетті әділ бәсеке қағидаларына және кәсіби шахматшыларға қойылатын талаптарға қайшы деп бағалады.
Осыған байланысты тиісті материалдар ФИДЕ-нің Әдеп және тәртіп комиссиясына (EDC) жіберіледі. Комиссия шахматшының әрекетінде ұйымның әдеп және тәртіп кодексін бұзу белгілері бар-жоғын тәуелсіз бағалауы тиіс.
Мәлімдемеде Карлсенге нақты жаза тағайындалғаны айтылмайды.
Карлсен мен Асаубаева турнирді нешінші орында аяқтады?
Артемьевпен 17-орын үшін өткен матчта Карлсен екінші күннің қорытындысы бойынша 4,5:15,5 есебімен жеңіліп, қарсыласын тай-брейкке жіберген. Алайда армагеддонда басым түсіп, 24 қатысушының арасынан 17-орынға тұрақтаған.
Бибісара Асаубаева кейін 19-орын үшін кездесуде америкалық Эндрю Хонгқа есе жіберді. Қазақстандық шахматшы жарысты 20-орынмен аяқтап, 14 мың доллар сыйақы алды.
Будапешттегі Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирі 10–20 қараша аралығында өтті. Жүлдегерлер қатарына Алиреза Фирузджа, Аниш Гири және Фабиано Каруана енді.