Бұл туралы атақты сопртшы Мәжілістің жалпы отырысында айтты.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов пікірінше, Париж Олимпиадасы отандық спорттағы елеулі проблемалардың барын көрсеткен.
«Жалпы, жастар арасында білім беру мекемелерінде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған материалдық-техникалық базаның әлсіздігі байқалып отыр. Бұл жағдай бұқаралық спортты дамыту мүмкіндігін шектейді. Оқу орындары әкімшілігі жағынан студенттік спортты дамытуға және жастардың жарыстарға қатысуына мотивация төмен деңгейде. Әсіресе, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жеткіліксіз. Балалармен және жастармен жұмыс істейтін білікті мамандар мен жаттықтырушылар тапшы. Өңірлік деңгейден бастап спорттағы жоғары жетістіктер сабақтастығының әлсіз жүйесін де атап өткен жөн. Мұнымен қоса, өңірлерде олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың төмен деңгейі көрініп тұр», - деді Дәулет Тұрлыханов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.
Осыған байланысты ол еліміздегі спортты дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс тастады.
«Спорттық іс-шараларды қаржыландыру процестерін толығымен цифрландыру және қаражаттың мақсатты пайдаланылуына онлайн-бақылау жүйесін енгізу;
Шетелдік тәжірибені қолдана отырып, спорттық іс-шараларды жоспарлаудың заманауи әдістерін қолдануды қолға алу;
Жас спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын, әсіресе халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізетіндер үшін көтермелеу жүйесін күшейту;
Спорт нысандарын басқаруда мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту керек», - деді халық қалаулысы.